(Біреу әйелін өз шешесінің арқасына ұқсатуды "Зиһар" деп атайды. Жаһилиет дәурінде мүлде ажырасып кетеді екен. Самет ұлы Әуіс: "Маған анамның арқасындайсың" дегендіктен жұбайы Пайғамбарға келіп шағады. Ж.М.К.Р.Х.Т.) (Мұхаммед Ғ.С.) расында Алла, ері жайында Аллаға шағып, сенімен тартысқан әйелдің сөзін естіді. Алла екеуіңнің сөйлескендеріңді де естиді. Шүбәсыз Алла, толық естуші, тым қырағы
Аударма: Халифа Алтай
Ей, Мұхаммед! / Аллаһ сенімен өзінің күйеуі жайында тартысып, әрі / оның үстінен / Аллаһқа шағым жасап жатқан әйелдің сөзін естіді. Аллаһ екеуіңнің өзара әңгімелеріңді естиді. Сөзсіз, Аллаһ бәрін Естуші, барлық нәрсені Көруші
Сондай сендерден жұбайларын зиһар еткендердің әйелдері аналары емес. Олардың аналары өздерін тапқандар ғана. Сөзсіз олар теріс әрі өтірік сөз сөйлейді. Шынында Алла тым кешірімді, ерекше жарылқаушы
Аударма: Халифа Алтай
Сендердің араларындағы өз әйелдерін зиһар ететіндердің әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін туғандар ғана. Негізінде, олар теріс әрі өтірік сөзді айтады. Ақиқатында, Аллаһ жазаламай Кешіруші, өте Кешірімді
Сондай жұбайларын зиһар еткендер, сосын айтқан сөздерінен қайтса, сонда екеуі қосылудан бұрын бір құл азат етуге тиіс. Міне сендерге осы нұсқау беріледі. Алла не істегендеріңді толық біледі
Аударма: Халифа Алтай
Әйелдерін зиһар етіп, кейін айтқан сөздерінен қайтатындар, / жұбайы / екеуі жақындасудан бұрын бір құл азат етуі тиіс. Сендерге осы арқылы насихат етіледі. Аллаһ сендердің не істеп жатқандарыңнан Хабардар
Сонда біреу құл таба алмаса, екеуі қосылудан бұрын тұтас екі ай ораза ұстасын. Біреудің оған да шамасы келмесе, алпыс аш кісіні тамақтандырсын. Бұл Аллаға, Елшісіне иман келтірулерің үшін. Сондай-ақ осы Алланың шектері, қарсы болушыларға жан түршігерлік азап бар
Аударма: Халифа Алтай
Сонда кім / азат ететін құл / таба алмаса, / жұбайы / екеуі жақындасудан бұрын екі ай үздіксіз ораза тұтуы тиіс. Кімнің / бұған / шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырсын. Бұл - сендердің Аллаһқа және Оның елшісіне сенгендіктерің үшін. Міне, осы - Аллаһтың шектері. Ал, кәпірлерге күйзелтуші азап бар
Расында Аллаға, Елшісіне қасарысқандар, олар да бұрынғылар қорлағандай қорланады. Әлбетте ашық аяттарды түсірдік. Қарсы болушылар үшін қорлаушы азап бар
Аударма: Халифа Алтай
Аллаһқа және Оның елшісіне қарсы шығатындар, өздерінен бұрынғылар қорлыққа ұшыратылғанындай, қорлыққа ұшыратылады. Біз анық аяттар түсірдік. Ал, кәпірлер үшін қорлаушы азап бар
Сол күні, Алла, оларды тұтас тірілтеді де өздеріне не істегендерін түсіндіреді. Алла, оны түгендеп сақтады. Оны өздері ұмытты. Алла, әр нәрсені көріп тұрады
Аударма: Халифа Алтай
Сол күні / қияметте / Аллаһ олардың барлығын қайта тірілтіп, оларға істеген іс-амалдарының хабарын береді. Аллаһ оны есептеп сақтады, ал олар ұмытып кетті. Әрі Аллаһ - әрбір нәрсеге Куә / Шаһид
(Мұхаммед Ғ.С.) көрмедің бе? Шәксіз Алла (Т.) көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса; сөз жоқ, төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Алла. Тағы бұлардан аз, я көп тіпті қайда болса да әрине Ол, олармен бірге болады. Сонан кейін қиямет күні, оларға не істегендерін білдіреді. Шүбәсіз Алла, әр нәрсені толық білуші. (Рауаят бойынша, Яьудилер мен мұнафықтар; сыбырласып, қас қағысып, көз қысысудан тыйым салынған бола тұрса да өршелене түсіп, тіпті сәлемнің өзін бұрмалаған. Ж.Б.М.Р.Т)
Аударма: Халифа Алтай
Ей, Мұхаммед! / Аллаһтың аспандардағы және жердегі нәрселерді білетінін көрмедің бе / білмедің бе / ? Үшеу құпия сөйлессе, Ол төртіншісі, бесеу сөйлессе, Ол алтыншысы болады. Әрі бұдан аз не көп болса да, олар қайда болмасын Ол әлбетте олармен бірге. Содан кейін Ол Қайта тірілу күні оларға істеген іс-амалдарының хабарын береді. Ақиқатында Аллаһ - барлық нәрсені Білуші
Сондай сыбырдан тыйылғандардың тыйым салынған нәрселеріне қайта оралғандарын көрмедің бе? Олар күнәда, дұшпандық және Пайғамбарға қарсылықта сыбырласады. Әрі саған келген сәтте, өзіңе Алланың сәлемінен басқа сәлем береді. (Есендік тілемей өлім тілейді.) Сондай-ақ өздерінше: "Алла, бізді айтқан сөзімізбен азапқа душар қылмайды" дейді. Оларға кіретін тозақ жетіп асады. Ол нендей жаман орын
Аударма: Халифа Алтай
Өздеріне құпия сөйлесу тыйым салынғаннан кейін де, тыйылғанға қайта оралатындарды көрмедің бе? Олар күнә, дұшпандық және Елшіге бағынбау жайлы өзара құпия әңгімелеседі. Қашан олар алдыңа келсе, Аллаһ саған сәлем жолдамаған сөзбен сәлемдеседі. Әрі іштерінен: «Аллаһ бізді айтқан сөзіміз үшін неге азаптамайды?» - дейді. Оларға өздері ішінде жанатын Жаһаннам жеткілікті! Ол баратын орын неткен жаман
Әй мүміндер! Егер сыбырлассаңдар; күнә, дұшпандық және Пайғамбар (Ғ.С.) ға қарсылық жайында сыбырласпаңдар. Жақсылық, тақуалықта сыбырласыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар. Өйткені Ол тарапқа жиналасыңдар
Аударма: Халифа Алтай
Ей, иманға келгендер! Егер құпия сөйлесетін болсаңдар күнә, дұшпандық және Елшіге бағынбау жайында емес, игілік және тақуалық / Аллаһтың жазасынан қорқып, сақтану / туралы құпиясөйлесіңдер әрі өздерің алдында жиналатын Аллаһтан қорқыңдар
Шын мәнінде құпия жиналыс мүміндерді кейіту үшін шайтан ісі. Алла қаламайынша ешбір зиян келтірмейді. Сондыктан мүміндер Аллаға тәуекел етсін
Аударма: Халифа Алтай
Анығында, құпия сұхбат - шайтаннан, иманға келгендерді қапаландыру үшін. Алайда, Аллаһтың рұқсатынсыз ол / шайтан / Оларға ешқандай зиян тигізе алмайды. Сондықтан иманға келгендер Аллаһқа жүгініп, істерін Оған тапсырсын / тәуекел етсін
Әй иман келтіргендер! Сендерге жиналыста: "Орын беріңдер" делінсе, ашылыңдар. Алла да сендерге кеңшілік етеді. Ал және: "Тарқаңдар" делінсе, дереу тарқаңдар. Алла (Т.) сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі
Аударма: Халифа Алтай
Ей, иманға келгендер! Сендерге мәжілістерде кеңінен отырыңдар делінсе, араларыңды кеңейтіңдер. Аллаһ та сендерге кеңшілік етеді. Ал, қашан сендерге: «Орындарыңнан тұрындар», - делінсе, орындарыңнан тұрыңдар. Аллаһ сендерден иманға келгендердің және білім берілгендердің дәрежелерін көтереді. Аллаһ - сендердің істеп жатқандарыңнан Хабардар
Әй иман келтіргендер! Пайғамбар (Ғ.С.) мен оңаша сөйлескен кезде, оңаша кеқесудің алдында садақа беріңдер. Бұл сендер үшін хайырлы әрі кіршіксіз болады. Егер оны таппасаңдар, шәксіз Алла (Т.) тым жарылқаушы, ерекше мейірімді
Аударма: Халифа Алтай
Ей, иманға келгендер! Елшімен оңаша сөйлесетін болсаңдар, сөйлесулеріңнің алдында садақа беріңдер. Бұл сендер үшін қайырлы әрі тазарақ. Ал, егер / садақа / таба алмасаңдар, ақиқатында Аллаһ өте Кешірімді, ерекше Мейірімді
Пайғамбар (Ғ.С.) мен оңаша сөйлесуден бұрын садақа беруден тартындыңдар ма? Оны істемесеңдер де Алла, сендерді кешірім етті. Ал енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Сондай-ақ Аллаға, Елшісіне бағыныңдар. Алла (Т.) істегендеріңнен толық хабар алушы
Аударма: Халифа Алтай
Сендер / Елшімен / оңаша сөйлесулеріңнен алдын садақа беруден қорықтыңдар ма? Егер сендер мұны істемесеңдер, ал Аллаһ істеген күнәләріңе шынайы өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтуларыңды / тәубелеріңді / қабыл етсе,онда намазды / барлық шарттарын сақтап,ықыласпен, толық / орындаңдар, зекетті беріңдер, Аллаһқа және Оның елшісіне бағыныңдар. Аллаһ - сендердің не істейтіндеріңнен Хабардар
(Мұхаммед Ғ.С.) өздеріне Алла ашуланған қауымды дос тұтқандарды көрмедің бе? Негізінде олар, сендерден де олардан да емес. Сондай-ақ олар біле тұра өтірікке ант ішеді
Аударма: Халифа Алтай
Ей, Мұхаммед! / Аллаһтың қаһарына қалған адамдарды өздеріне дос / жақтас / тұтқандарды көрмедің бе? Негізінде, олар сендерден де емес, олардан да емес. Олар өздері біле тұра өтірікке ант ішеді
Қиямет күні Алла, оларды, тұтас тірілтіп жинағанда, сендерге ант ішкендей Оған да ант ішеді. Расында олар оны пайдалы деп ойлайды. Байқаңдар! Шын мәнінде олар, өтірікші
Аударма: Халифа Алтай
Сол / Есеп / күні Аллаһ олардың барлығын қайта тірілтеді де, олар сендердің алдарыңда ант ішкендей, Оның алдында да ант ішеді. Әрі олар өздерін пайда тигізетін нәрседеміз деп ойлайды. Біліндер! Ақиқатында, олар - өтірікшілер
Оларға шайтан үстем келіп, өздеріне Алланы еске алуды ұмыттырды. Олар шайтанның тобы. Байқандар! Расында шайтанның жамағаты солар; зиян тартушылар
Аударма: Халифа Алтай
Шайтан оларды иектеп, билеп алып, оларға Аллаһты еске алуды ұмыттырды. Олар -шайтанның жақтастары. Біліңдер! Негізінде, шайтанның жақтастары нағыз зиян шегушілер
Аллаға, ахирет күніне иман келтірген бір елдің; аталары не балалары яқи туыстары немесе ағайындары болса да Аллаға, Елшісіне қарсы келгендерді сүйгенін көрмейсің. Міне солардың жүректеріне Алла иман жазган әрі оларды Өз жағынан бір нұрмен қолдаған. Және оларды астарынан өзендер ағатын әрі онда мәңгі қалатын бейіштерге кіргізеді. Алла, олардан разы, олар да Алладан разы. Міне бүлар, Алланың жамағаты. Жақсы біліңдер. Дау жоқ, Алланың жамағаты, олар; құтылушылар
Аударма: Халифа Алтай
Аллаһқа және Ақирет күніне сенетін адамдардың Аллаһқа және Оның елшісіне қарсы келгендерді ұнатқанын көрмейсің, мейлі ол әкелері, не балалары, не бауырлары немесе туыстары болса да. Міне, солардың жүректеріне Ол иман жазған және оларды Өзінен болған бір рухпен / Өзінің көмегі, мейірімі және білімімен / қолдаған. Әрі Ол / Аллаһ / оларды астынан өзендер ағып жататын және олар онда мәңгі қалатын / Жәннаттағы / бақтарға кіргізеді. Аллаһ оларға разы, олар Оған разы болды. Міне, солар - Аллаһтың жақтастары. Біліңдер! Ақиқатында Аллаһтың жақтастары мұратына / бақытына / жетушілер